Сұрақтар және жауаптар

1.  Қазіргі уақытта полигондағы радиациялық жағдай қандай?

Полигондағы радиациялық жағдайды бір сөзбен сипаттау мүмкін емес. Қауіпсіздік тұрғысынан алғанда адам үшін полигонда ең бастысы не? Ең бастысы, бұл жерде қазіргі кезде қысқа мерзім болған уақыт ішінде адам денсаулығына қалай да болмасын әсер ететін жерлер жоқ. Дегенмен, полигонда Тәжірибе алаңының кейбір аймақтары, Дегелең алаңындағы жекелеген учаскелер, Балапан алаңындағы Атом көлі (әсіресе көлдің топырақ үйіндісі) және басқа да объектілердің кейбірі жататын қауіпті жерлер де бар, бұл жерлерде ұзақ уақыт болу Сіздің денсаулығыңызға кері әсерін тигізуі мүмкін. Бірақ бұл әсерді сезіну үшін Сіз аталған объектілерде бірнеше ай бойы өмір сүріп, жергілікті өнімді тұтынуыңыз керек, мысалы, осы жердің суын ішуіңіз қажет. Сондықтан, жалпы алғанда, полигонды адам үшін аса қауіпті емес аймақ деп сипаттауға болады. Дегенмен, бұл жерде мүлдем қауіпсіз деп кесіп айтуға тағы да болмайды. Полигонда әлі де қауіпті учаскелер бар, олардың қайда орналасқанын, қай жерлерде жүруге мүлде болмайтынын білу қажет.

 

2.     Қазіргі уақытта іргелес аудандарда тұратын халық үшін полигон қаншалықты қауіпті?

Алдымен қай іргелес аудан екенін анықтау қажет. Тұрғындар үшін кейбір қауіп туындатады дейтін жалғыз жер бар, ол – Шаған өзенінің полигоннан тыс шығатын аймағы, бірақ аталмыш аймақ осы өзеннің өзімен ғана шектеледі десе де болады. Бұл полигоннан, яғни оның ресми аумағынан тыс орналасқан басқа объектілермен салыстырғанда ең жағымсыз жер болып табылады. Қалған аудандарда – полигонның батыс жағымен іргелесетін Май ауданында, оңтүстік жағымен іргелесетін елді мекендерде жалпы алғанда тұрғындар үшін қауіп-қатер байқалмайды. Бір айта кететін жайт, полигонда болған кезде белгілі ережені сақтау қажет екендігін есте сақтаған жөн.     

 

3.     Полигон аумағында пайдалы қазбалар өндірумен байланысты жұмыстар жүргізу қауіпсіз бе?

Бұл туралы келесілерді айту керек: полигонда жүргізілетін барлық жұмыс түрлерінің лицензиялары болу керек. Полигон аумағында жұмыс жүргізу үшін Сіздің қолыңызда Атом энергетикасы жөніндегі комитеттің лицензиясы болуы тиіс. Мұндай лицензияны алу үшін радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаны ұсыну қажет. Полигонда жұмыс жүргізуді жоспарлаған кәсіпорын мен оның қызметкерлері дәл осы кәсіпорын үшін әзірленген барлық радиациялық қауіпсіздік ережелерін сақтайтын болса, онда қауіпсіздік сөзсіз қамтамасыз етілмек. Егер кім де кім жер қойнауынан пайдалы қазбаларды санкциясыз (рұқсатсыз) өндірумен айналысса, бұл өте жағымсыз салдарға ұшыратуы мүмкін. Яғни, қай жерде, қалай іс-қимыл жүргізу керек екендігін білу қажет, міне, лицензияда осылар туралы айтылады. Сондықтан Сізге рұқсат берілген жерде жұмыстар жүргізу қауіпсіз. Ал рұқсат берілмеген жерде қауіпсіз деп айтуға болмайды

Жақсы мысал ретінде осы аумақта айтарлықтай ұзақ уақыт бойы көмір өндірумен айналысып келе жатқан «Қаражыра» кәсіпорнын айтуға болады. Кәсіпорын радиоактивтілік пайда болуы мүмкін деген барлық механизмдерді жіті қадағалайды. «Қаражыра» кенорны сынақ алаңдарының бірінің аумағында (Балапан алаңы) орналасқанымен, кәсіпорынның өнімі таза, ал жұмыс тек полигон аумағында ғана емес, сонымен қатар сынақ алаңының аумағында да тікелей жүргізілетініне қарамастан қызметкерлер үшін қауіпсіз болып табылады.  

 

4.     Бүгінгі таңда полигонда өндірілген тағам өнімдерін асқа пайдалануға бола ма?

Біріншіден, қандай тағам өнімдері екендігі анықталуы қажет. Көбінесе, полигон аумағында жүргізілетін санкцияланбаған (ауылшаруашылық) қызмет түрі ең алдымен мал жаю. Полигонның кейбір учаскелерінде мал жаю – өндірілген өнімнің нормаларға сәйкес келмеуіне әкеп соғады. Мұндай жағдайдың болуы мүмкін. Біз қазір полигонда мұндай учаскелердің көп емес екендігін анық білеміз: бұл Дегелең алаңының периметріне жанасып жатқан аймақ. Ондағы ерекше қауіптілік өсімдіктердегі тритийдің жоғары концентрациясы, бұл ең алдымен сүттің ластануын туындатады. Басқа жағынан алатын болсақ, осы мал бір ай бойы таза аумақта жайылатын болса, тритийдің концентрациясы қауіпсіз, тіпті аялық деңгейге дейін төмендеуі мүмкін екендігін есте сақтаған жөн, яғни бұл тағам өнімдері бақылауға алынуы тиіс, бұл Сіздің өніміңізге тиісті мөртабан қоятын санэпидемиологиялық станцияның, ветеринарлық қадағалаудың жұмысы. Мұндай өнімді сату үшін Сіз сапа сәйкестігі сертификатын алуға тиіссіз. Дегенмен, мал жаюға мүлде болмайтын учаскелер бар екені де барлығымызға белгілі. Осы сұраққа былай деп жауап беруге болады: санитарлық-эпидемиологиялық станция сияқты қадағалау органдары өніміңіздің сапасын растауы тиіс.

 

5.     Бүгінгі таңда Семей полигонының жерлерін беру туралы материалдар дайындалып жатқаны шын ба?

Шын. Радиациялық қауіпсіздік және экология институты соңғы екі жыл ішінде ССП  аумағының солтүстік бөлігін зерттеу бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп келеді. Картадан қарайтын болсақ солтүстік бөлік – полигонның ең жоғарғы жағы, ол Павлодар облысының Май ауданына жатады, бұл аумақты зерттеу жұмыстары 2009 жылы аяқталды. Тиісті материал дайындалды, бұл материалда мазмұндалған кеңесте зерттелген 3000 км2 -дің 2997 км2-ін ауылшаруашылық айналымға беруге кеңес берілгендігі туралы жазылған, ал 3 км2 -ін дегенмен де дәл қазір беруге рұқсат етілген жоқ. Оның үстіне, мұндай тұрақты жоспарлы зерттеу жұмысы басым бағытты болып табылады және тұрақты жүргізіліп тұрады. Мысалы, 2009 жылы ССП аумағының шартты түрдегі батыс бөлігін, шамамен 560 км2 болатын кіші ауданын зерттеу жөніндегі жұмыстар басталды. Бұл жұмыстар 2010 жылы аяқталады және тиісті материал дайындалады. Яғни, жерді шаруашылық айналымына беру үшін қажетті материал дайындалуда және бұл жерлер олардың қауіпсіз екендігі расталған жағдайда пайдалануға беріледі.

 

6.     Қалай ойлайсыз, Семей өңірінде тұратын адамдарда кездесетін онкологиялық аурулар мен әртүрлі генетикалық ауытқулар полигонға байланысты ма?

Біз олай емес деп ойлаймыз. Себебі, нақты мысал ретінде келтірілген оқиғалар көбінесе әлемнің түпкір-түпкірінде кездесіп жататын оқиғалар болып табылады. Ал статистика біраз керісінше дәлел береді. Оның үстіне, Радиациялық қауіпсіздік институты Жапонияның Радиациялық әсерлер ассоциациясымен бірлесе отырып үш жыл бойы жергілікті халыққа санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу жүргізді, оның мақсаты доза мен халықтың әртүрлі санатының сырқаттану деңгейі арасындағы статистикалық маңызды шынайы тәуелділікті анықтау болып табылады. Бағымызға орай, шынайы заңдылықтар анықталған жоқ. Бұл ретте жүз мың адам шамасындағы адамдар когортасы туралы ақпарат жиналды.

 

7.     Полигондағы санкцияланбаған қызметті, мысалы, ластанған аумақта мал жаюды шектеу үшін қандай шаралар қолданылады?

Шаралар қолданылады. Біріншіден, Дегелең алаңына кіруге мүлде тыйым салынған, әрі ол жер ІІМ-нің арнайы бөлімшелерімен күзетіледі. Екіншіден, Дегелең алаңының барлық мүмкін деген кірме жолдарына физикалық тосқауылдар орнатылған. Оның үстіне, полигон периметрінің барлық бойын бойлай бұрынғы Семей полигонының аумағына енгендігіңіз туралы ескерту белгілері орнатылған. Оған қоса, негізгі сынақ алаңдары қосымша қоршалған, ары қарай барудың қауіпті екендігі туралы репер белгілері қойылған. Бұдан басқа, Радиациялық қауіпсіздік және экология институты қызметкерлерінің күшімен полигон аумағындағы қызметке тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бұл мониторинг барысында арнайы шолу жасау тобы полигонның белгілі бір бағыты бойынша шығып, осындай қызмет фактілерін анықтап, тиісті органдарға хабарлайды. Біздің бағалауымызша, мұндай шолу жасау топтарының болуы ССП-дағы санкцияланбаған қызмет көлемін шамамен 10 есе төмендетуге мүмкіндік бергендігін айта кеткеніміз жөн.

 

8.     Полигон мен сынақ алаңдарының аумағына кездейсоқ кіріп кетпеу үшін олардың шекарасы қайсы екенін қалай білуге болады?

Ең алдымен, осы сайтқа кіріп, полигонның шекарасы қайда, сынақ алаңдарының қайда екенін зейін қойып қарап көруге болады.

Екіншіден, ол жерлерге көптеген репер бағаналары мен белгілері қойылған, оларға назар аударған жөн.

 

9.     ССП-да жұмыстар жүргізуге рұқсат алу үшін қандай рәсімдер орындалуы қажет?

Бұған дейін айтылғандай, ССП-да жұмыстар жүргізуге рұқсат алу үшін Сіздің қолыңызда Атом энергетикасы жөніндегі комитетте берілетін тиісті лицензия болуы қажет. Бұл лицензияны алу үшін, Сіз Атом энергетикасы жөніндегі комитеттің біліктілік талаптарына сәйкес әзірленген құжаттардың бірқатарын ұсынуға тиіссіз. Сәйкесінше, бұл құжаттардың тізбесіне Сіздің персоналыңыздың радиациялық қауіптілік дәрежесін түсіне білуге жеткілікті білімі бар екендігін растайтын құжаттар кіреді. Немесе Сіз тиісті фирмамен тиісті шарт жасасуыңыз қажет. Осы құжаттардың барлығы қолыңызда болған жағдайда, Сіз Комитеттен осы лицензияны ала аласыз.